Алматыда тағы да толассыз жауған жаңбыр салдарынан аула учаскелерін су басты. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
ТЖД мәліметіне сәйкес, бүгін таңертең Жетісу ауданында мотопомпа арқылы су сорылды. Таңғы сағат 5-тен бастап Скрябин көшесі, 24 мекен-жайы бойынша учаске тазартылып алынды. Мамандар бұл жерде алдын ала қойылған техникамен кезекшілік атқарды. Оқиға орнында «Алматы тазалық», ТЖ бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Су басудың себебі қатты жауын-шашын салдарынан арық толып қалған. Қазір учаске өңделді. Құрбандар мен жапа шеккендер жоқ.